Дәулет ІЗБАСАРҰЛЫ, Қызылорда облысы бойынша заң консультанттары палатасының басшысы. Дәулет Ізбасарұлы он жылға жуық заң саласында еңбек етіп келеді. Әр жылдары Қызылорда қалалық сотында сот отырысының хатшысы, баспасөз хатшысы, бас маман қызметтерін атқарған. Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі. Қаладағы №197 орта мектепті бітірген. Қазақ гумманитарлық заң университетінің түлегі. Жары Мадинамен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр.
− Заң консультанттарының палатасы қандай қызмет көрсетеді?
− Тегін заңгерлік көмек көрсетеміз. Кез-келген құқығы бұзылған азаматтың мәселесін тыңдап, оның құқықтық дұрыс шешім табуына кеңес беріп, сотқа талап арыздың құқықтық тұрғыдан сауатты жазылуына қызмет істейміз. Жуырда Нұр Отан партиясымен келісімге келдік. Партияға көмек сұрап келген азаматтарды бізге жібереді. Біз ол азаматтарға құқықтық қолдау білдіреміз. Елімізде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң өткен жылы қабылданды. Заңда заң консультанттарының заң көмегін көрсетуі туралы толық жазылған. Осы заңды басшылыққа алған палата құрамында бүгінде130 жоғары білімді заңгер тіркелген.
− Халық қандай мәселелермен келуде?
− Қаржы ұйымдарының пайызын қайтара алмау, тұрмыстық, мүлік дауы, жер дауы секілді көптеген мәселелер бар. Мысалы, онлайн қарыз алып, қайтара алмағандар көп. Оңай, әп сәтте алған ақшасын уақытылы қайтармаған соң жоғары пайызбен қарызы артып кеткен. Қарызға онлайн ақша берген мекеме бұл істі өндіруге жеке сот орындаушыға береді. Қарызын үш есе көбейтіп қайтарумен қатар сот орындаушының еңбегіне тағы ақы төлейді. Осындай мәселелерге араласып, пайызын төмендетіп немесе бастапқы алған ақшасын ғана қайтаруына көмектескен кездеріміз болды.
− Заң консультанттары сотқа қатыса алады ма?
− «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңына сәйкес заң консультанты сотқа қатысып, талапкердің құқығын қорғауға атсалысады. Істің соңғы нүктесі қойылғанша өз қамқорлығына алады. Палатаға мүшелікке ресми тіркелмеген заңгер сотқа қатыса алмайды. Сотқа қатысқаны үшін заң консультантының қызметіне ақы екі-жақты келісім бойынша төленеді.
− «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген. Заң консультанты өз міндеттерін дұрыс орындамаса қайтпек керек?
− «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңының негізгі қағидаларына сәйкес заң консультантының сотта өкілдік ету тәртібі белгіленген. Қандайда бір себептермен сотқа қатыспаса, өз міндеттерін толық орындамаса палатаға шағым түсіру қажет. Палатаның атқарушы алқасынан құралған тәртіптік кеңес заң консультантының мәселесін қарап шара қолданады. Ең ауыр шара палата мүшелігінен шығару. Палата мүшелігінен шыққан заңгер құқықтық қызмет көрсетіп, сотқа қатысу мүмкіндігінен айырылады.
− Құқықтық сауаттылық тұрғыдан не айтар едіңіз?
− Қаржылық және құқықтық сауатсыздық адамды тығырыққа тірейді. Қазір тұрмыс тапшылығы, әлеуметтік мәселелерді ескермей, азаматтардың қиын жағдайын өз пайдасына қолданған қаржы ұйымдары көбейіп кеткен. Сондықтан әр азамат заңдарды оқып, өз құқығын қорғай алатындай дәрежеде іздену керек.
Жастар арасында қандай мәселе бар?
− Бізге көбіне ажырасқан жастар екі тараптан берілген қаде-қаумет пен қыз жасауына апарған дүниені бөлісе алмауы секілді отбасылық мәселелермен келеді. Бізде медиация қызметі секілді екі тарапты татуластыруды да жүзеге асырамыз. Отбасын құру − үлкен жауапкершілік. Статистикаға қарасақ, шаңырақ көтерген жастардың тең жартысы дерлік ажырасуда. Бұл қоғам болып күресуді қажет ететін өте актуалды мәселе.
− Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
− Алға қоған жоспарларымыз көп. Палата жұмысын жандандыру мақсатында халықты өз қызметімізбен таныстыру қажет. Осы мақсатта барлық ауданды аралап, тұрғындармен кездесіп, палата жұмысын түсіндіріп, құқықтық көмекке жүгіне алатынын хабарлаймыз. Әлеуметтік желілерден парақшалар ашып, онда палатаның заң консультанттарының тізімін жариялап, Call центрге халық кез-келген уақытта хабарласа алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Әділдік іздеп, баз кешкен, құқықтық әділетсіздікке душар болған, қиын-қыстау сәтте кімнің есігін қағып, кімге шағымдануды білмей дал болған азаматтардың мұңын тыңдауға әзірміз.
Басты мақсат − халыққа қол жетімді және сапалы заңгерлік қызмет көрсету.
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН