Референдум өткізу жөніндегі тезистер

210411211653358e

Референдум өткізу мәселелеріне қатысты тезистер

Мемлекет басшысы бірқатар саяси реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыруда (бейбіт жиналыстар туралы заң, сайлау заңнамасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң, сот жүйесі реформасы).

Биылғы жылы Президент өз Жолдауында саяси институттарды жаңартуға байланысты ауқымды саяси реформаларға бастамашылық етті. Бұл реформалар ең алдымен Конституцияға өзгерістер енгізулі қажет етеді, өйткені Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ҚР аумағында тікелей қолданылады.

Осыған байланысты Президенттің өкімімен заңгер – мемлекет қайраткерлері мен ғалымдардан тұратын жұмыс тобы құрылды, олар биылғы жылдың сәуір айында Конституцияға түзетулер жобасын ұсынды.

Конституцияның 91-бабына сәйкес түзетулер жобасын Конституциялық Кеңес қарады, бұл Кеңес б.ж. 4 мамырында оң қорытынды берді.

Конституцияның 91-бабына сәйкес Конституцияға түзетулер қабылдаудың 2 жолы бар: республикалық референдум арқылы, яғни жалпыға бірдей дауыс беру арқылы немесе Парламент арқылы.

Президент Конституцияға түзетулер жобасын референдумға шығару туралы шешім қабылдады, өйткені дәл осы жол демократиялық институттардың дамығандығын айғақтайды. Бұған дейін Қазақстан Конституциясының өзі 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған болатын, алайда оған түзетулер Парламент арқылы енгізілді.

Осыған байланысты «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңға сәйкес 5 мамырда Президент биылғы жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлық шығарды.

Референдум өткізу азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы және еркін ерік білдіруі, азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және төте қатысу құқығы және жариялылық сияқты принциптердің негізінде өткізіледі.

Референдумға он сегіз жасқа толған іс-әрекетке қабілетті кез келген азаматтың қатысуына құқығы бар (іс-әрекетке қабілетсіз азаматтардың және бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдардың қатысуға құқығы жоқ).

Референдумға дайындық пен оны өткізуді референдум комиссияларының функциясын орындаушы Орталық сайлау комиссиясы мен тиісті аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қазір Орталық сайлау комиссиясы референдумға қатысуға құқығы бар адамдардың тізімін жасақтауда.

Егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады («Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 31-бабының 2-тармағы).

Референдумға 1 сұрақ – Конституцияға түзетулер қабылдау шығарылады. Егер 11 өңірдегі халықтың көпшілігі «жақтап» дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп саналады. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбаған болып саналады. Неліктен 11 аймақ. «Республикалық референдум туралы» заң бойынша Конституцияға түзетулер, егер оған 2/3 өңірдегі (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы, облыстардағы) халықтың көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Қазір Қазақстанда 17 өңір бар екенін ескерсек (3 облыс — Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру туралы Жарлық биылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі), онда осы 17 өңірдің 2/3-і 11 өңірді құрайды.

Осыған байланысты Конституцияға түзетулерді қабылдау толығымен халықтың еркіне байланысты болмақ.

Республикалық референдум өткізу тәртібі

Биылғы жылдың 6 мамырында Орталық референдум комиссиясы Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Жалпы, референдум өткізу тәртібі сайлау тәртібіне ұқсас және мынадай.

Аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының құрамдары, комиссиялардың орналасқан жері мен жұмыс уақыты туралы мәліметтер БАҚ-та 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануға тиіс.

Үгіт-насихат 6 мамырдан басталып, 4 маусым күнгі сағат 00:00-де аяқталады.

20 мамырдан бастап азаматтар өздерінің аты-жөндерін референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінде, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелерде тексере алады.

Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды дауыс беру күніне дейін 10 күннен кешіктірмей (25 мамырға дейін қоса алғанда) хабардар етуі тиіс.

Референдумда дауыс беру процесі дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-ден кешкі 20-ға дейін жоспарланады.

Дауыс беру тіркелген азаматтарға берілетін бюллетеньдер бойынша өткізіледі. Дауыс беру жасырын, дауыс беру кабинасында болады. Дауыс беру үшін бір сұрақ ұсынылады – «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?». Жауап нұсқалары – «Жақтаймын» немесе «Қарсымын».

Бұл ретте, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 29-бабына сәйкес азамат дауыс беру кезінде өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қоятынын атап өткен жөн.

Сонымен бірге барлық ұсынылған жауаптар белгіленген бюллетеньдер жарамды деп танылады. Алайда мұндай бюллетеньдер дауыс беру кезінде ескерілмейді.

Дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға екі күн көзделген.

Референдумның қорытындылары дауыс берілгеннен кейін жеті күн ішінде жариялануы тиіс.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасына қатысты тезистер

Енді түзетулердің өзі туралы. Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасында түзетулердің мынадай 12 блогы көзделген.

Бірінші. Жер және оның қойнауын, су көздерін, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігінде болады деп жариялау.

Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Бұл осы ресурстар кімге тиесілі деген сұраққа түбегейлі нүкте қоймақ. Мемлекеттік институттар халық атынан тек қана осы ресурстарды басқармақшы.

Бұл жайт ешбір жағдайда жердің жеке меншік режиміне әсер етпейтінін ескеру қажет, яғни жеке меншіктегі жер одан әрі жеке меншікте бола береді.

Сондай-ақ, Конституцияда ұқсас режим, идея билікке қатысты бөлігінде бар екенін атап өткен жөн. Конституция бойынша билік халыққа тиесілі. Алайда халық өз билігін мемлекеттік институттар арқылы жүзеге асырады.

Екінші. Өлім жазасының күшін жою. Қазақстан Республикасында өлім жазасының күшін жою мәселесі біртіндеп шешілді.

2003 жылдан бастап мемлекеттің қылмыстық саясатын одан әрі ізгілендіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өлім жазасын орындауға мораторий енгізілді.

Одан әрі 2021 жылғы қаңтарда Қазақстан өлім жазасын алып тастауға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялады.

ҚР Қылмыстық кодексінде өлім жазасын жазалау шарасы ретінде қолдануға мүмкіндік беретін 17 құрам бар.

2021 жылдың желтоқсанында өлім жазасын алып тастау туралы Заң қабылданды. Өлім жазасын жаза түрі ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін барлық ережелер Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарынан алынып тасталды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының соғыс уақытында өлім жазасын қолдану мүмкіндігі туралы ескерту алынып тасталды.

Енді бұл мәселе Конституцияда түбегейлі шешілуде.

Бұл қадам Қазақстан Республикасының демократиялық құндылықтар мен құқық үстемдігі идеяларына бейіл екенін айғақтайды.

Бұған қоса, бірқатар дамыған елдерде өлім жазасын қолдануға тыйым салу Конституция деңгейінде де белгіленгенін атап өткен жөн, мысалы, Еуропа елдерінде бұл Франция, Нидерланды және т.б.

Үшінші. Соттардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы шешімдері бойынша мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі. Бүгіндері, өздеріңіз білесіздер, мәжбүрлі еңбек, яғни қоғамдық жұмыстар қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жаза ретінде қолданылады.

Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұсақ әкімшілік құқық бұзушылықтар да қоғамдық жұмыстармен жазалануы мүмкін. Сіз, тіпті, шетелде адамдар қандай да бір бұзақылық жасағаны үшін қоғамдық жұмыстарды қалай атқарғанын байқаған да боларсыз.

Дәл осындай модельді бізде де қолдануға болады. Осылайша, мысалы, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін адамды қоғамдық жұмыстарға тартуға болады.

Бұл 5 АЕК айыппұлға қарағанда қоғам үшін де, адам үшін де тиімді болуы мүмкін. Әсіресе, жүктеме ақыр соңында отбасылық бюджетке түспеуі үшін ақы төлеуге қабілетсіз бұзушыларға қатысты тиімді болуы мүмкін. Бұл, шын мәнінде, қоғамның жетілуін және өзгеруге дайын екендігін көрсетеді. Егер тиісті түзету қолдау тапса, мұндай жазалау шарасын енгізу орынды болатын ӘҚБтК санкцияларын қайта қарау бойынша ұсыныстар жинау жөніндегі жұмыс басталады.

Төртінші. Президенттің лауазымына байланысты шектеулер.

1) Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік секторда саяси лауазымдар мен басшылық лауазымдарды атқаруына шектеулер белгілеу ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады.

Осыған байланысты, мемлекеттегі ықпалды лауазымдарға орналасу үшін туыстық байланыстарды пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс айтылды.

Заңнамаға сәйкес біздің жақын туыстарымызға кім жатқызылғаны және Президенттің жақын туыстары қандай лауазымдарды атқара алмайтыны туралы мәселеге толығырақ тоқталғым келеді.

Мәселен, заңнамада («Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс) жақын туыстарына ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді.

Өз кезегінде, Президент Жарлығымен Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімі айқындалды, оларға мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің басшылары, олардың орынбасарлары, әкімдер, сондай-ақ Төтенше және өкілетті елшілер және басқалар жатқызылды.

Бізде квазимемлекеттік секторға мемлекет қатысатын ұйымдар жатады, мысалы, мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар және т.б.

Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленген жағдайда, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық лауазымға орналаса алмайды, облыс әкімі бола алмайды немесе мемлекеттік органда саяси лауазымдарды атқара алмайды.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, мемлекеттік секторда қандай да бір басшылық лауазымдарды атқару мүмкіндігі мынадай екі факторға байланысты болады деп болжанады: заңдарда айқындалған тығыз байланысты қатынастардың болуы және лауазымның Конституцияда белгіленген санаттарға жатқызылуы. Әрине, тыйым салу осы екі шарт толық сәйкес келген кезде мүмкін болады.

Сонымен қатар, бұл тыйым Президенттің өкілеттіктерін орындау кезеңінде ғана күшінде болатынын ескеру қажет.

2) Президент үшін өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуын шектеу.

Бүл проблеманы талдау кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясында, сондай-ақ «Саяси партиялар туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарда бұл мәселелердің реттелмегенін негізге алу қажет. Қазіргі олқылық мемлекеттік қызмет пен қоғамдық бірлестіктердегі лауазымдарды бірге алып жүруге, саяси партиялар филиалдарының басшылары болуға және т.б. мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, лауазымды адамдардың аталған санаттарының саяси партиялар құрамында мүше болуы партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен сыбайласуына әкеп соғады, тиімді партиялық жүйенің қалыптасуына кедергі келтіреді.

Іс жүзінде белгілі бір партиялық көзқарастар мен міндеттерге бағынатын партиялық бюрократия қалыптасып кетеді. Әкімшілік ресурс әсіресе сайлау кезінде айқын көрінеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қызметін бір саяси партияны қолдаудан бүкіл саяси жүйені қолдауға қайта бағдарлауға, көппартиялықты дамытуды ынталандыруға және барлық саяси партиялардың теңдігін қамтамасыз етуге көшу ұсынылады.

Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Президент Жолдауында көрсетілген өзге де адамдардың саяси партияға мүшелігін тоқтата тұру туралы ұсыныс, әсіресе партиялық жүйенің қалыптасуы және жұмыс істеп тұрған саяси партиялардың әлсіздігі жағдайында ұйымдық тұрғысынан та, жеке тұрғыдан да орынды және қажет деп ойлаймыз, бұл елдегі саяси бәсекелестіктің дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы. Ол адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының төрешісі мен кепілі. Өзінің ерекше конституциялық мәртебесі мен өкілеттігіне байланысты ол елдің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтың мемлекеттік тұтастығын қорғау жөнінде шаралар қолданады, мемлекеттік билік органдарының үйлесімді жұмыс істеуі мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Бұл ереже Мемлекет басшысын өзін қандай да бір саяси партиямен байланыстырмай, бүкіл көпұлтты қазақстандық қоғамның мүддесі үшін әрекет етуге міндеттейді.

Қазақстан Республикасы Президентінің саяси партияға мүшелігін президенттік өкілеттігін орындау мерзіміне тоқтату міндетін енгізу туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ұсыныс саяси партиялардың заң алдында теңдігін қамтамасыз етеді.

Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді, жаңа саяси партиялар мен қозғалыстардың пайда болуына ықпал етеді, еліміздің саяси климатына оң әсер етеді.

3) Мемлекет басшысы өз Жолдауында Президенттің артық өкілеттіктерін алып тастау және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешім қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы «қолмен басқару» практикасынан кету қажеттігін айтты.

Атап айтқанда, Президенттің өңірлер әкімдерінің актілерінің күшін жою және тоқтата тұру, сондай-ақ аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің әкімдерін қызметінен босату құқығын алып тастау ұсынылды.

Бұл реформа жергілікті өкілді және атқарушы органдарды (әкімдіктер мен мәслихаттар) күшейтуге, тұтастай алғанда, саяси жаңғыртуға жағдай туғызуға тиіс, бұл да «суперпрезиденттік басқару моделінен» бас тартқандығын айғақтайды.

Бесінші. Парламенттің қалыптасу моделін және тұтастай алғанда сайлау жүйесін өзгерту.

Президент тағайындайтын Парламент Сенатының депутаттары бойынша өзгерістер енгізу ұсынылады, олардың саны қысқартылатын болады.

Мәселен, қазір Парламенттің жоғарғы палатасы Сенатты мәслихаттар сайлаған депутаттар (әр өңірден 2-ден) және Президенттен 15 депутат (34 өңір + Президент тағайындайтын 15 = барлығы 49 Сенат депутаты) құрайды.

Ал Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасында Президент тағайындайтын депутаттар квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарту ұсынылады, олардың 5-ін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады (Президенттің Жарлығымен 3 жаңа облыс құрылғанын ескере отырып, енді 20 өңірден 2 кандидат, яғни 40+10 Президент тағайындайтын, олардың 5-ін ҚХА ұсынымы бойынша= барлығы 50 Сенат депутаты).

Соның салдарынан, Мемлекет басшысының өкілді органның жоғарғы палатасын құруға қатысуы айтарлықтай төмендейді.

Мәжіліс қазір пропорционалды жүйе бойынша, яғни тек саяси партиялар арқылы ғана сайланады.

Конституцияға сәйкес, Мәжіліс қазір 107 депутаттан тұрады, оның ішінде 9-ы ҚХА-дан.

ҚХА-ның квотасы – 9 депутаттық мандатты алып тастау ұсынылады, яғни Мәжілісте 98 депутат қалдырылмақ. Бұл 98 депутат аралас жүйе бойынша: пропорционалды және бір мандатты өкілдік жүйесі бойынша, 100% аудан деңгейінде, 50% облыс деңгейінде және шамамен 30% Мәжіліс деңгейінде сайланатын болады.

Бұл депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдер арқылы, бір бөлігі кандидатты халықтың тікелей сайлауы арқылы сайланатынын білдіреді.

Барлық деңгейлерде қолданылатын императивтік мандаттың енгізілуіне ерекше назар аударған жөн. Ол не? Бұл, егер депутат қоғамның сұранысын қанағаттандырмаса, сайланған депутатты (бір мандатты округ бойынша) шақырып алу мүмкіндігі.

Іс жүзінде бұл сайланатын депутаттардың жауапкершілігін арттыру тетігі және өздері мәлімдеген сайлау алдындағы бағдарламаларын іске асыруына ынталандыру.

Бұл ретте, мұндай модель кезінде депутаттың өкілеттігін тоқтату да аралас: кандидатты партиялық тізімнен шығару, саяси партияны тарату немесе депутатты сайлаушылардың кері шақырып алуы.

Ел Конституциясына осы өзгеріс мақұлданған жағдайда, депутатты сайлаушылардың кері шақырып алу тетігі заң жобалау жұмысы шеңберінде қосымша пысықталатын болады. Депутатты кері шақырып алудың ықтимал нұсқаларының бірі – тиісті бастамашыл топ құру, азаматтардың қолдарын жинау және т.б. көзделеді.

P.S. Конституцияның 99-бабына ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес бұл механизм сегізінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудан бастап қолданысқа енгізілетін болады.

Алтыншы. Заңдарды қабылдау параметрлерін өзгерту. Қазір заңдар заң жобаларын алдымен Мәжілісте, содан кейін Сенатта сатылап қарау арқылы қабылданады. Енді заңдарды Мәжілістің қабылдауы, ал Сенатқа қабылданған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беру ұсынылады.

Осыған байланысты Парламенттің төменгі палатасын күшейту мақсатында Мәжіліске заңдар қабылдау құқығын, сондай-ақ Сенаттың қарсылықтарын не ұсыныстарын еңсеру құқығын беру ұсынылады. Сенат Мәжіліс қабылдап қойған заңдарды тек мақұлдайды немесе мақұлдамайды.

Бұл ретте, конституциялық заңдардың жобаларын Палаталар бірлескен отырыстарда қарайтын болады, бұл конституциялық заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясында тікелей белгіленген мәселелер жөніндегі заңдар болатындығына байланысты.

Осылайша, Парламенттің төменгі палатасының ықпалы күшейіп, саяси жүйеде тепе-теңдік өзгереді.

Ұсынылып отырған модель заңдарды қабылдау тәртібін едәуір жеңілдетеді және депутаттарды сайлаудың жоғарыда аталған аралас моделін ескере отырып, заңдарды қабылдау кезінде көзқарастар мен идеялар бәсекелестігінің өсуіне әкеледі.

P.S. Конституцияға ұсынылатын түзетулердің 2-бабына сәйкес бұл механизм 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін болады.

Үкіметтің уақытша актілеріне қатысты

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында атқарушы билік қызметінің шамадан тыс заңнамалық реттелуі мемлекеттік аппараттың баяу жұмыс істеуіне себеп болғанын және Парламентке «жүк артқанын» атап өтті. Президент тез өзгеретін мына әлемде шешім қабылдау жылдамдығының төмен болуы ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретініне назар аударды. Осыған байланысты құқықтық регламенттеу деңгейлері арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Анықтама үшін: Дамыған шет мемлекеттердің коронавирустық инфекциямен күресу тәжірибесін талдау нәтижелері бойынша мемлекеттер заң шығаруға өкілеттік беру институтының арқасында жедел шаралар қабылдауға қабілетті болды. Осылайша, 2020 жылғы 25 наурызда Ұлыбританияда Үкіметтің коронавирустық пандемия кезіндегі төтенше өкілеттіктері туралы заң қабылданды (Coronavirus Act 2020), бұл үкіметке әртүрлі салалардағы (денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, құқық қорғау қызметі және т.б.) азаматтар мен ұйымдардың заңды тұлғасын шектейтін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды қоса алғанда, дискрециялық өкілеттіктер берді. 23 жылдың 2020 наурызында Францияда COVID-19 індетімен күресу үшін төтенше жағдай туралы заң қабылданды (Loi d ‘urgence pour faire face à l’ épidémie de covid-19). Бұл заң сонымен қатар Үкіметке адамдардың қозғалысын шектеу, тауарларды реквизициялау, карантинді бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу және т.б. мүмкіндігіне байланысты ауқымды өкілеттіктер берді. Заң шығаруға өкілеттік беру деп Парламенттің атқарушы билік органына (әдетте Үкіметке) кейбір заңнамалық өкілеттіктерді уақытша табыстауы (беруі) түсініледі. Заң шығаруға өкілеттік беруді қолдану рәсімдерді қатаң сақтауды, атап айтқанда: берілген өкілеттіктерді пайдаланудың мақсатын, мерзімін, шектерін, осы өкілеттіктерді жүзеге асыру мүмкін болатын мәселелер шеңберін, ал кейде өкілдік берген адамның актілерін бақылау рәсімін көрсете отырып, Парламенттің құзыретіне кіретін функцияларды жүзеге асыруға белгілі бір атқарушы билік органдарын міндеттейтін заңды Парламенттің міндетті түрде шығаруын көздейді. Заң шығаруға өкілеттік беру институты алғаш рет XVII ғасырда Англияда қолданылғанын атап өту маңызды. Бастапқыда заң шығаруға өкілеттік беру негізінен форс-мажор жағдайында: әлеуметтік және басқа да көтерілістерде, сондай-ақ төтенше жағдайларда қолданылатын ерекше шара ретінде әрекет етті. Үкіметтің кейін мемлекеттің функцияларын орындаудағы өсіп келе жатқан рөлі бірқатар елдерде, мысалы, АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Швеция, Мексика, Франция, Португалия, Испания, Италия елдерінде заң шығаруға өкілеттік берудің таралуына әкелді. Сонымен бірге, заң шығаруға өкілеттік беру тікелей Үкіметке ғана емес, сонымен бірге оған бағынысты кейбір органдарға – министрлерге, федерация субъектілерінің үкіметтеріне және т.б. жүзеге асырылды. Заң шығаруға өкілеттік беру институтын қолданудың конституциялық (заңнамалық) түрде айқындалған негіздері бар. Әдетте, бұл институт қолданылатын елдерде ол ұлттық конституцияларда немесе арнайы заңнамалық актілерде (мысалы, Дания, Исландия, Финляндия, Румыния, Испания, Италия және т.б.) белгіленген. Кодталған конституциясы жоқ жалпы құқық елдерінде заң шығаруға өкілеттік беру қалыптасқан конституциялық практика негізінде қолданылады.

Қазақстан Республикасында коронавирус пандемиясы кезінде Президент Конституцияның 44-бабының 16) тармақшасына сәйкес қабылдаған 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығымен Үкіметке актілерді қабылдау және мемлекеттік органдарға, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беру бойынша айрықша өкілеттіктер берілгенін атап өткен жөн. Бұл шешім Үкіметке коронавирустық пандемиядан туындаған дағдарыстық жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік берді.

Осылайша, мемлекеттік органдардың дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою мақсатында заңнамалық актілерде Үкіметтің дағдарыс кезінде уақытша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау жөніндегі құзыретін көздеу ұсынылады.

Бұл норма халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар сияқты ахуалдармен қатаң шектелетінін атап өткен жөн. Яғни, уақытша актілер қабылдаудың дәлелді қажеттілігінсіз Үкіметтің құқығы болмайды.

Бұл механизм бұрын ерекше сипатқа ие және оны тек кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда ғана қолдануға болады:

Жетінші. Кейбір лауазымды адамдардың (КС, ОСК, ЕК) лауазымда болуына байланысты шектеулер.

Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы мен мүшелеріне саяси партияда, кәсіподақтарда болуына және қандай да бір партияны қолдауынаа тыйым салу ұсынылады.

Орталық сайлау комиссиясы мен Есеп комитеті мүшелерінің қызметі партиядан тыс сипатта болуы тиіс екені шүбәсіз, олардың мақсаттары тек қана мемлекеттің тұтас мүддесіне мойынсұнуы керек.

Бұдан басқа, Конституциялық Кеңес мүшелеріне қатысты «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық Заңда бекітілген жанама шектеулер қолданылатынын атап өту қажет, онда «Конституциялық Кеңестің мәртебесі» деген 1-бапта «Конституциялық Кеңес мемлекеттік орган ретінде өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес және мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен азаматтарға тәуелсіз, Республика Конституциясына ғана бағынады әрі саяси және өзге де себептерді негізге ала алмайды» деп атап көрсетілген. Бұл норма, шын мәнісінде, Конституциялық Кеңес мүшелерін қорытынды шешімдер қабылдау кезінде бейтарап болуға міндеттейді, алайда заңда саяси партиялардың құрамында мүшелікке ие болуға тікелей тыйым салынбаған.

Осыған байланысты жоғарыда аталған лауазымды адамдар үшін саяси партияларға мүше болуға шектеу қоюды заңнамалық деңгейде бекіту олардың партияішілік процестерге әсер ету ықтималдығын жояды, мемлекеттік билік органдары мен олардың лауазымды адамдарының саяси партиялардың қызметіне қандай да бір араласуына жол бермейді, сол сияқты саяси партиялардың мемлекеттік билік органдарының қызметіне араласуын болдырмайды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бастамаларында әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заңмен тыйым салу қажеттігі атап өтілді. Ұсынылып отырған реформалар атқарушы және заң шығарушы билікте монополиясы болған бір саяси партияның ұзақ уақыт үстемдік етуін жатқызуға болатын тетіктерді жоюға бағытталған. Сондықтан әкімдерге саяси партияларда лауазымдар атқаруға тыйым салу ұсынылды, бұл саяси алаңды монополиясыздандыруды қамтамасыз етеді.

Сегізінші. Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау.

Жұмыс тобы Конституцияға:

1) Тұңғыш Президентке 2 реттен артық сайлану мүмкіндігіне;

2) оның қызметін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» бөлек Конституциялық заңмен (осы заң күшін жоюы мүмкін болатын) реттеуге;

3) мемлекеттің Тұңғыш Президент негізін қалаған қызметінің түбегейлі принциптерінің және оның мәртебесінің өзгермейтіндігіне байланысты үш норманы алып тастау бөлігінде түзетулер енгізуді ұсынды. Экс-президенттердің Конституциялық Кеңесте болу құқығын алып тастауды да жеке-дара атап өткен жөн.

Өкінішке орай, БАҚ-тың қызығушылығынан (көру аясынан) тыс қалған — олардың қоғам үшін маңызы зор бірқатар түзетулерді түсіндіруге нақтырақ тоқталғымыз келеді.

Тоғызыншы. Конституциялық Сот құру. Конституциялық Кеңес, өздеріңіз білесіздер, қазіргі түрінде Президенттің, Премьер-Министрдің, Парламент депутаттарының және соттардың өтініштерін ғана қарайды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Бас прокурорға және ең бастысы азаматтарға жүгіну құқығын беру ұсынылады.

Бұл кез келген нормативтік құқықтық акті Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан қаралуы мүмкін дегенді білдіреді – әңгіме министрліктердің қандай да бір қағидалар мен тәртіпті бекітетін бұйрықтары, әкімнің нормативтік актілері және тіпті Үкімет қаулыларына дейінгі мәселелер туралы болып отыр.

Қазір олардың НҚА-ны даулау жалпы юрисдикция соттарында азаматтық процесс ережелері бойынша жүзеге асырылады.

Конституциялық Сот — мемлекеттің конституциялық негіздері мен адамның конституциялық құқықтарын қорғауға арналған әлемдік модель. КС актіні, оның ішінде сот шешімі шығарылған заңды қайта қарауға құқылы болады. P.S. Конституцияға ұсынылған түзетулердің 2-бабына сәйкес аталған механизм 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін болады.

Оныншы. Құқық қорғаушы институттарды күшейту. Конституциялық Сот құрудан бөлек, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасына сәйкес Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін адам құқықтарын іске асырудың кепілі ретінде Конституцияға бекіту, сондай-ақ олардың құқықтық мәртебесі мен кепілдіктерін Конституциялық заң деңгейінде реттеу есебінен прокуратура органдарының мәртебесін арттыру ұсынылды.

Бұл қадам Қазақстанның басты мақсаты азаматтардың құқықтарын қорғау болып табылатын құқық қорғаушы институттарды күшейту бағытында жүріп жатқанын білдіреді. Бұл заңдылықтың сақталуын анағұрлым тиімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнестің, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Он бірінші. Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру ұсынылды, соның есебінен республикалық бюджет қаражатының жұмсалуына және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына парламенттік бақылау күшейтіледі.

Бұл новелла төменгі палатаның бюджет процесіне және тұтастай алғанда биліктің атқарушы тармағына ықпалын күшейтуге және ең бастысы, жүргізіліп жатқан реформаларды тиімді іске асыруға, мемлекеттің экономикалық дамуын жақсартуға, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.

P.S. Конституцияға ұсынылған түзетулердің 2-бабына сәйкес Жоғары аудиторлық палатаның құрамы қалыптастырылғанға дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыруды жалғастыра береді.

Он екінші. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту.

Қазір облыс әкімдерін Президент тағайындайды.

Президенттің 2021 жылғы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жергілікті деңгейде әкімдерді сайлау институты кезең-кезеңімен енгізілетінін атап өткен жөн.

Осылайша, өткен жылы ауылдар мен кенттер әкімдерін сайлау өткізілді, 2025 жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау өткізілетін болады.

Айта кету керек, Президент бұл бағытта да өңірлік саясатқа ықпал етуді азайту бағытында жұмыс жасауда.

Мәселен, Конституцияға енгізілетін түзетулер пакетіне сәйкес Президент мәслихаттың қарауына бірнеше кандидатура (кемінде екі, тіпті одан да көп) ұсынатын болады және мәслихат ұсынылған кандидатуралардың ішінен әкімді таңдайтын болады. Мәслихат келіспеуі де мүмкін.

Іс жүзінде, бұл жерде де Президенттің қазіргі өкілеттіктерін қысқарту, сондай-ақ өңірлер басшыларын жанама сайлау арқылы мәслихаттың ықпалын күшейту туралы сөз болып отыр.

Бұл кезеңде мұндай тәсіл мемлекеттік басқаруды құру тұрғысынан анағұрлым демократиялы түрде оңтайлы болып көрінеді.


Сөйтіп, жоғарыда аталған реформаларды қабылдау туралы шешім енді халықтың еркіне байланысты. Ел халқы бұл түзетулерді жақтап дауыс бере алады немесе қарсы дауыс бере алады. Егер «ЖАҚТАЙМЫН» деп дауыс берсе, онда ұсынылған өзгерістер моделі іске қосылады. Егер халық «ҚАРСЫМЫН» дауыс берсе, онда түзетулер қабылданбайды және қолданыстағы модель сақталады. Таңдау ел азаматтарында.